«Экомектеп»

«Экомектеп»

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігі облыс әкімідігінің және ҚазГерМұнай ЖШС БК қолдауымен «Экомектеп» акциясы өтті.

Акция барысында «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп» базасында балалар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Экомектеп» дәрісін беру және Қызылорда қаласының шет аумағында орналасқан «Қоқыс полигонымен» таныстыру ұйымдастырылды. Экологиялық дәрісті «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігі төрайымы Анар Жарылқасынқызы Изден және аймағымызда экологиялық бағытта 16 жылдан аса уақыт белсенді жұмыс жасайтын «Өңірлік экология орталығы және Арал төңірегі халқының денсаулығын қорғау» қоғамдық бірлестігі директоры Смағұл Сүлейменұлы Сеитов жүргізді.

Тұрмыстық қалдықтардың экологияға зиянын, полиэтилен пакеттерді тұтынып, қоқысқа тастаудың табиғатқа кері әсерін, заңсыз төгі­летін бейберекет қоқыс полигондарын болдырмау, қалдықтарды бөліп жинаудың маңыздылығын ұғындыратын дәрісті алған жастар мен мектеп оқушылары «Қоқыс полигонына» барып, қалдықтарды бөліп жинауды бүгін өздерінен бастамаса, адамзатқа төнер қауіптің зор екендігіне көздерін жеткізді.

Айта кету керек, «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен және облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза табиғат» жобасына қолдау білдіру мақсатында  қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік бағытындағы ауқымды шараларды жыл бойы атқаруда. Шаралар қатарында Жастар ресурстық орталығы маңына талдар отырғызу акциясын ұйымдастыру,  «Қоршаған ортаны қорғау» қоқысты сұрыптап жинау мәселесі бойынша облыс мектептерінде 100-ден кем емес экологиялық сағаттар өткізу, облыс тұрғындарынан стихиялық қоқыстар туралы ақпарат жинайтын 88000808809 жедел желісінің іске қосылғандығы туралы ақпарат тарату, жұмысын үйлестіру, Қоршаған ортаны қорғау мәселесі, атқарылған шаралар, талдардың суарылуы бойынша талдау жүргізе отырып, нәтижесімен қоғамдық тыңдау өткізу, Демалыс кезеңдерінде Қызылорда қаласы оқушыларын қоқыс полигонына апарып, экологиялық қауіпсіздік бағытында экскурссия ұйымдастыру бар. Бұл шаралар Азаматтық Альянс мүшелері болып табылатын аймағымыздағы белсенді 73 үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өтеді.

Аталған шаралардың бастамасы ретінде 2021 жылғы 8 сәуірде Қызылорда қаласында «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдары Аллеясы» пайда болды.