«Қоғамдық бақылау туралы»

«Қоғамдық бақылау туралы»

2021 жылғы 20 мамырда Қызылорда қалалық мәслихатының мәжіліс залында «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын талқылау бойынша сұхбат алаңы өтті.

Бүгінгі күні «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі аймағымыздағы азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарының қатарында қоғамдық маңызды сұрақтар жөнінде қоғамдық бақылау жүргізу бойынша кешенді шаралар ұйымдастыру, кіші гранттардың орындалуына мониторинг жасау, «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын талқылау және әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу, қоғамдық бақылаудың ең өзекті және заманауи бағыттағын айқындау мақсатындағы сұхбат алаңдарына қатысу қызметтерін көрсету жұмыстарын жүргізуде.

Заң жобасын талқылауға арналған сұхбат алаңына Қызылорда облыстық, қалалық мәслихатының депутаттары, қоғамдық ұйым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғам белсенділері қатысып ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы                              1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу мен қабылдауды тапсырған болатын.

Болашақ заң жобасының мақсаты қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін, сондай-ақ азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауды айқындау үшін ұсынылып отыр.

Заң жобасының міндетіне бірыңғай ұғымдық аппаратты қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру қағидаттарының бірыңғай жүйесін белгілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық күш-жігерді біріктірудің құқықтық тетіктерін жасау, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің функцияларын, өкілеттіктері мен жауапкершілігін айқындау кіреді.